"Тәуелсіздікке 25 жыл"
№73 мектеп – лицейінің Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – тәу етер киелі»
ұғым тақырыбындағы айлық жоспары
№73 мектеп – лицейінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған іс – шаралар басталды. «Астана Отанымыздың жүрегі» тақырыбында, қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасап, бейне түсірілім жасалды.
15 қараша күні Қазақстан халқының тәуелсіздігін бейнелейтін «Түстердің түрлілігі» тақырыбында көркем өнер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге 4 – 9 сынып оқушылары ат салысты. Көрмені ұйымдастырушылар технология пәні мұғалімдері.
№73 мектеп-лицейінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Отаным десем...» тақырыбындағы әдеби-сазды кеш өткізілді. Әдеби сазды кешіміздің негізгі мақсаты өскелең ұрпақтың санасына патриоттық сана – сезімді ұялату болатын. Салтанатты іс-шараға орақ ауызды, от тілді ақын, сазгер – Талант Арғынғали, ұлттық құндылығымызды ұлықтап жүрген дәстүрлі әнші – Ерлан Рысқали және еліміздің ерке әншісі – Тамара Асар сынды мәртебелі меймандар ат басын бұрып, ән-жырдан шашу шашты.
Мектеп-лицейінің директоры Құралай Амангелдіқызының «мейрамдардың ұлысы - Тәуелсіздік мерекесі бір күн, бір ай аясында емес, жыл бойы тойланса» деген тың идеясын қонақтарымыз бір ауыздан қоштады. Мектебіміздің талантты шәкірттері өнерлерін көрсетіп, қонақтарымыздың көңілдерінен шықты, шексіз алғыстарына бөленді.
Біздің ата-бабаларымыз жанқиярлықпен табанды күрес арқасында ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қалай қол жеткізгендіктерін көрініс арқылы тарих парақтарына қайта шолу жасады. Тарихтан сыр шерткен көпті көрген көнекөз қарияның бейнесін мектеп-лицейіміздің 10-сынып оқушысы Хазиев Аршын өте үлкен шеберлікпен сомдап шықты. Бір сағатқа созылған кеш барысында қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен егемендік еншімізге тигеннен бергі жетістіктер көрермен назарына ұсынылды. Кешіміз әдемі ән, әсерлі би, құйқылжыған күймен ұласты.
Арнайы құттықтауға келген қонақтарымыз өскелең ұрпаққа өнегелі ғибрат айтты, еліміздің үмітін ақтар азамат болатындарына сенімдерін білдірді.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған тағы да бір ауқымды жоба, ұлттық ойынды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Тоғызқұмалақ» атты қалалық сайыс. Сайысқа қала мектептерінен 6 команда қатысты. Сайыс соңында жеңіске жеткен командалар марапатталды.
№73 мектеп – лицейінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз» қалалық эсселер байқауы өткізілді. Қалалық эсселер байқауының І бөлімінің тақырыбы «Рәміздерім мақтанышым» . Сайысқа қала бойынша 20 мектеп, 34 оқушы қатысты. І бөлімді қордындылау үшін қала мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері жиналып тексеруге өз үлестерін қосты.
І бөлім нәтижесі бойынша 34 оқушы да ІІ бөлімге өтті. ІІ бөлімнің тақырыбы «Туым – намысым, ұраным – бірлік, рәміздерім мақтанышым. ІІ бөлім тест түрінде өткізілді. Байқау нәтижесінде «Бас жүлдені» №73 мектеп – лицейінің оқушысы Рахымбердиев Хамза қанжығасына байлады. І орынды № 64 мектеп оқушысы Бурумова Фарида, ІІ орынды № 7 мектеп оқушысы Олжабек Ақниет, ІІІ орынды № 51 мектеп оқушысы Амажолұлы Дарын иеленді. Сайысымызды қортындылау мақсатында ІІІ бөлім «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш» тақырыбында тарихи кеш өткізілді. Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді, аспан әлемінде қалықтатып тұр.
Тарихи кешіміздің қонағы болған тарихи тұлға, елтаңба авторларының бірі – Жандарбек Мәлібекұлы.
№73 мектеп – лицейінде тарих пәнінің мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Алаш қозғалысы және Алихан Бөкейхан: қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу жолындағы күресі» тақырыбында қалалық олимпиада өткізілді. Олимпиадаға қала мектептерінен 7-8 сынып оқушылары қатысты. І орынды №73 мектеп – лицейінің 7 сынып оқушысы Нурманов Жәңгір, ІІ орынды №69 мектеп –гимназия оқушысы Муратова Жамал, ІІІ орынды № 84 мектеп – лицейдің оқушысы Нурбопаева Арайлым иеленді.
Тәуелсіздіктің мән – маңызын арттыруды, жас буынды патриотттық сезімге тәрбиелеуді басты мақсатымыз еткен ұжымымыз бүгін Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздік – тәу етер киелі ұғым» атты мерекелік ауқымды іс – шара өткізді. Еліміздің даму жолында еңбек етіп жүрген қалаулы азаматтары Мурат Абенов және Серікзат Дүйсенғазы ағаларымыз, ата – аналарымыз құрметті қонақтарымыз болған іс – шарада Тәуелсіздіктің мазмұны терең мереке екенін сезіндік. Ел болашағы – дарынды шәкірттеріміз ән салып, би билеп, аспапта ойнап, қойылым қойып, тамаша өнерлерін көрсетті. Тәуелсіздігіміздің туы мәңгі желбірей берсін!!!
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай өткізілген тағы бір ауқымды жобалардың бірі бұл – мектеп кітапханасында өткен «Тәуелсіздікке жетер жолда..» тақырыбындағы деректі фильмдер топтамасы. 2016 жылдың 16 желтоқсанында - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Бұл мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке болмақ. Тарих пәні мұғалімі Әсел Дәулетқызымен біріге отырып, 7 «В», 8 «А», 8 «Б» сыныптарымен «Тәуелсіздік – тағдырымызды өзгерткен ұлы күн!», «Қазақстанның Тәуелсіздік күні» және «Желтоқсан желі» тақырыптарында деректі фильмдер көрдік.
Бұл фильмде қазақ елінің осы атаулы күнге дейін бастарынан кешірген көптеген қиындықтары, жерімізді, елімізді Жоңғар шапқыншылығынан қорғаған ата-бабаларымыздың ерліктерін, Ұлы Отан соғысының ауыртпалықтарын, осыдан кейін Семей полигонындағы ядролық сынақтардан да аман қалғанымызды көрдік.
Ұлт тағылымында өшпес із қалдырған Желтоқсан оқиғасын ойға алғанда селт етпейтін жүрек жоқ. Желтоқсан қалғып бара жатқан қазақ елінің ұлттық рухы. Желтоқсан оқиғасы 1986 жылы 16 желтоқсанда Дінмұқаммед Қонаевты қызметінен босатып, орнына қазақ халқы туралы білмейтін, танымайтын Геннадий Колбиннің келуі көптеген жастардың наразылығын тудырып, намысын оятты.
Елімізді өз ұлтымыздың азаматы басқарсын деген ұранмен бір топ жастар 16 Желтоқсан күні таңертеңгі сағат сегізде қаладағы Брежнев атындағы қазіргі Тәуелсіздік алаңына бейбіт шеруге шықты. Саяси тәуелсіздікке қойған талап-тілектері орындалмай оларды арнайы күш шақыртылып, алаңнан қуып, соққыға жықты. Жастарымызды қалың қар басқан аязды күні жалаң аяқ қардың үстінде шаштарынан сүйреп бара жатқан көріністерді көргенде оқушылардың да жан-дүниесі қан жылады. Фильмді тамашалап болған соң оқушылар да өздерінің ішкі ойларын ортаға салып, ой бөлісті.
Сонымен қатар фильмде осы қайғылы оқиғалардың бәрінен аман-есен өтіп, 1991 жылы 16 желтоқсанда қолымыз жеткен Тәуелсіздігіміз жайында да көріп тамашаладық.
Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына да қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді. 2015 жылғы 15 желтоқсан күні Тәуелсіздік күні қарсаңында сөйлеген құттықтау сөзінде Елбасы: «Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдыз жарқырай туды», - дей келіп, халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрғанын атап өтті. Міне осындай деректі фильмді оқушылармен бірге тамашалай отырып, біз басымыздан өткен қаншама қиындықтардан кейінгі атаулы үлкен мерекемізді тойлау қарсаңында мектепішілік іс-шараға белсене ат салысуларына ықпал жасадық.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Жасай бер, жаса, Тәуелсіз Қазақстаным!» тақырыбында біріңғай сынып сағаттары өткізілді. Сынып сағаттарының мақсаты: балаларға тәуелсіздіктің қандай қиыншылықпен келгенін ұғындыру және Тәуелсіздіктің қадір қасиетін түсіндіру.